Қытайлар Түркістанда – аквапарк, әзірбайжандар Алакөлде курорт салады
Түркістанда аумағы 12 гектардан асатын ең үлкен аквапарк құрылысы басталады. Жоба авторы – қытайлық компания.
ЖИ көмегімен жасалған көрнекі фото
Отбасылық демалыс пен туризм
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа кешен Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, шетел туристері үшін де тартымды демалыс орнына айналуы мүмкін.
Ауқымды жобаны Qingdao Wanlin қытай компаниясы ұсынған. Компания басшысы Яньтао Ли Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесіп, демалыс кешенін іске асыру жоспарын талқылаған.
«Жобаға сәйкес, аквапарк кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Мұнда су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы мен банкет залы орналаспақ. Кешен отбасылық демалыс пен туризмді дамытуға бағытталған», – дейді әкімдіктегілер.
Аквапарктың ерекшелігі
Мәліметтерге қарағанда, аквапарктың басты ерекшелігі – маусымға бейімделетін аттракциондар. Мұндағы су айдыны жазда шомылуға пайдаланылып, суық мезгілде картинг жолына айналады.
«Бұл кешеннің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Келушілер үшін биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракцион, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және интерактивті ойын аймақтары қарастырылмақ», – дейді әкімдік өкілдері.
Әзірбайжан инвесторларымен келісім
Абай облысының әкімдігі де шетелдік инвесторларды тартуға белсенді кіріскен секілді. Әзірбайжан инвесторлары өңірде «Алакөл» сауықтыру кешенін салмақшы. Қазір құрылыс орны анықталып жатыр дейді әкімдіктегілер.
Сондай-ақ Шипалы көлінде балшықпен емдейтін санаторий салу көзделіп отыр екен. Эскиздік жобасы әзірленіп, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталмақ. Одан бөлек «Abay Hospitality Group» ЖШС және «PanaComplexSemey» ЖШС Абай ауданының Жидебай аумағында этнокешенді визит-орталығын, «Тары» кафесін салуды жоспарлап отыр.
Ал Семейде «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Биыл көктемде аяқталып, пайдалануға беріледі дейді аймақ әкімдігі.
15:04
92
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.